АСТАНА, 4 қыркүйек – Sputnik. Сочиде Ресей мен Түркия президенттері Владимир Путин мен Реджеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді. Бұл мемлекет басшыларының бір жылға жуық мерзімдегі алғашқы жеке кездесуі. Олар астық мәмілесінің болашағын, атом электр станциясы және газ хабының құрылысын және тағы басқа келелі мәселелерді талқылады.
Түркиядағы президент сайлауынан кейін алғаш рет кездесіп тұрғандықтан, Путин Ердоғанды сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
"Сіздің тікелей қатысуыңыз арқылы қол жеткізген Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқыны сақталып отыр. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 80 пайыздан астамға, шатаспасам, 86 пайызға өскеніне назар аударғым келеді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында оң үрдіс жалғасуда, бұл өткен жылғыдай болмаса да, бастысы оң сипатта", - деді РФ президенті.
Владимир Путин Ресей мен Түркия Сириядағы жағдайды реттеу үшін көп жұмыс жасағанын және Астана форматындағы алаңды бекіту керек екенін айтты.
"Ресей мен Түркия Сириядағы жағдайды реттеу үшін көп іс жасады. Бұл мәселенің Түркия Республикасы үшін қаншалықты маңызды екенін білемін. Астана форматы аясында атқарылған ең маңызды нәтижелерді және сондай-ақ бұл алаңның өзін де бекіту керекпіз", - деді Путин.
Владимир Путин Ресей астық мәселесі бойынша келіссөздер жүргізуге дайын екенін де айтты.
"Астық мәмілесіне қатысты мәселелерді көтеруді көздеп отырғаныңызды білемін. Біз бұл мәселе бойынша келіссөзге ашықпыз", - деді Владимир Путин Сочиде Ердоғанмен келіссөз барысында.
Ресей президенті Түркияның энергетика саласындағы жағдайды тұрақты етуді көздейтін "газ хабын" құру жөніндегі келіссөз жақын арада аяқталады деп үміттенетінін айтты.
"Аймақтағы энергетикалық жағдайды тұрақты және теңгерімді ету үшін Түркияда газ хабын құру туралы келіссөзді жақын арада аяқтаймыз деп үміттенемін. Бұл тиімді болады деп ойлаймын", - деді Путин.
Путин Ресей Федерациясының қатысуымен Түркиядағы "Аккую" АЭС жобасы жоспарға сәйкес жалғасып жатқанын, бірінші энергоблок 2024 жылы іске қосылатынын айтты. Сондай-ақ ол Мәскеу мен Анкараның атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастығын жалғастырудың ауқымды шаралары бар екенін еске салды.
"Аккую" атом электр станциясының құрылысы жалғасып жатыр. Қазір Түркия халықаралық ядролық мемлекеттер клубының толыққанды мүшесі болды. Келесі жылы жоспар бойынша біз бірінші блокты іске қосамыз", - деді Путин Түркия президентімен келіссөзде.
Өз кезегінде Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған да "Аккую" атом электр станциясындағы жұмыс ойдағыдай жүріп жатқанын айтты.
"Сіз "Аккую" АЭС-ін дамыту жұмыстары жақсы, толық қарқынмен жүріп жатқанын айттыңыз. Расында да бірінші блокқа қатысты жасалған қадамдар да өте тиімді. Енді Синопта АЭС құрылысы бағытына да дәл осындай ауқымды қадамдар жасаймыз деп ойлаймын", - деді Ердоған.
Түркия президенті Анкара мен Мәскеудің тауар айналымын 100 миллиард долларға жеткізу мақсаты бар екенін айтты.
"Біз Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста мүлде өзгеше кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Қазіргі уақытта сыртқы сауда көлемі 62 миллиард долларды құрады. Енді бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырмыз", - деді Ердоған.
Ердоған елдегі орман өртімен күресу үшін Анкараға Мәскеу қосымша ұшақ жөнелтсе, тиімді болатынын еске салды.
"Осы жазда болған өрт кезінде сіздің ел бізге екі ұшақ жөнелтті. Егер олардың санын көбейте алсақ, бұл әлдеқайда тиімді болады. Өйткені жаз сайын бізге үнемі өрт қаупі төнеді", - деді Түркия басшысы.
Реджеп Тайип Ердоған Ресей мен Түркия басшыларының "астық мәмілесі" бойынша келіссөз әлем және Африка елдері үшін маңызды болатынын айтты.
"Ең маңызды қадам – астық мәселесі екені сөзсіз. Бүгінгі келіссөз нәтижесін әлем де күтіп отыр. Әлсіз дамыған Африка елдері үшін ол өте маңызды болады деп ойлаймын", - деді Түркия басшысы.
Сонымен қатар ол екіжақты ынтымақтастықта ұлттық валютаға көшудің маңыздылығына да тоқталды.
"Біздің елдеріміздегі орталық банктер басшыларының бүгін осында кездесуінің екіжақты қарым-қатынаста ұлттық валюталарға көшуге қарай қадам жасау тұрғысынан маңызды деп есептеймін", - деді Түркия басшысы.
Реджеп Тайип Ердоған Түркияда "газ хабын" құру жобасының мемлекет үшін маңызы зор екенін айтты.
"Біз үшін тағы бір маңызды элемент – газ хабын құру. Біз Ресеймен энергетика саласында, әсіресе табиғи газ саласында жоғары ынтымақтастықты ұстанамыз. Бұл қарым-қатынастарды одан әрі дамытамыз деп ойлаймын", - деді Ердоған.