Ақмола облысының прокуратурасы сотталушының азапталуына қатысты түсініктеме берді

Sputnik
АСТАНА, 4 қыркүйек – Sputnik. Ақмола облысының прокуратурасы түзеу колониясында сотталушының азапталуына қатысты түсініктеме берді.
Жексенбі күні дәретхананы жуудан бас тартқаны үшін ер адамды резеңке таяқпен ұрып жатқаны түсірілген видео Қазнетте жарияланды. Прокуратура видеодағы қызметкерлер Ақмола облысының Атбасар ауданындағы №1 түзеу мекемесінде жұмыс істейтінін растады.
"2023 жылғы 3 қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар ауданының №1 түзеу мекемесі қызметкерлерінің сотталғандарға қатысты күш қолданғаны туралы бейнероликтер жарияланды. Осы факті бойынша Ақмола облысының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады", - деп хабарлады прокуратура.
Сол күні прокуратура өкілдері аталған мекемеге барып, бірінші кезектегі жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу нәтижесі туралы қосымша хабарланады, деп толықтырды прокуратура.
Түркістан облысында күдіктілерді азаптаған алты полицейге үкім шықты