АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. Нигер соты Франция елшісін елден шығару туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Нигер баспа агенттігі (НБА).
Нигер сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Франция елшісі Сильвен Итте енді дипломатиялық иммунитетке ие емес. Ведомство сонымен қатар полицияға Франция елшісін елден шығаруға кірісу бойынша тапсырма берілгенін атап өтті.
"Сот жаңа биліктің талап арызына жауап ретінде Францияның Нигердегі бұрынғы елшісі Сильвен Иттені елден шығару туралы қаулы қабылдады", - деп хабарлады агенттік.
Елшіні өткен аптада персона нон грата деп жариялады, деп хабарлады ведомстводағылар. Бірақ ол белгіленген 48 сағат ішінде елден кетпеген, сондықтан оның дипломатиялық картасы мен визасы жойылды. Сол себепті Иттенің Африка елінің аумағында одан әрі болуы заңсыз деп саналады, деп жазылған Нигер билігінің талап арызында.
Вена конвенциясына сәйкес Иттені барлық дипломатиялық артықшылық пен дипломатиялық иммунитеттен айырған.
Шілде айының соңында африкалық елдің әскерилері ел президенті Мұхамед Базумның биліктен шеттетілгенін және Отанды қорғау жөніндегі ұлттық кеңестің (ОҚҰК) құрылғанын хабарлады. Тамыз айының басында Нигерияның Абуджа қаласында өткен ЭКОВАС елдері Қарулы күштері Бас штабы басшыларының шұғыл отырысына қатысушылар Нигерге әскери тұрғыда араласу қажет болған жағдайға арналған жоспар қабылдады.