АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Жетісу облысындағы Сарыөзек ауылының тұрғындары ауылды басып өтетін өзендегі қоқысқа қатысты шағымдануда, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әлеуметтік желіде қоқысқа толы жағалаудың видеосы тарады. Жазба авторының айтуынша, бір кездері балалар суға түсіп, ауыл тұрғындары демалып, балық аулайтын өзеннің сағасы мен жағалауы қазір тұрмыстық қалдықтарға, полиэтилен пакеттерге, бөтелкелерге және басқа да қоқыстарға толып қалған. Белгілі болғандай, видео Кербұлақ ауданының әкімшілік орталығы Сарыөзек ауылында түсірілген.
Әкімдіктегілер бұл фактіні растап, техника мен адам жұмылдырылған тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, бұл аумақта қайта-қайта қоқыс пайда болып жатқанын хабарлады. Олар ауыл тұрғындары қоқысты арнайы орындарға апармай, күнделікті өзен жағасына қалдыратынын алға тартады. Ауыл тазалығын сақтау үшін мемлекеттік мекеме қызметкерлерін жұмылдыру арқылы апта сайын еңбек жұмыстары жүргізілуде.
"Кінәлілерге қатысты заңға сәйкес хаттамалар толтырылып, қатаң ескертулер жасалды және айыппұл салынды. Ауылда қоқыс шығарумен екі мекеме айналысады. Күні кеше "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға сәйкес мердігер қосымша баға ұсыныстарын белгілеу арқылы 100 дана қоқыс контейнерін орнатты", - деп хабарлады Кербұлақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.