Астанада қылмыстық топ интим суреттерді таратамын деп қыздарды бопсалаған

Олар қыздармен ресейлік танымал блогердің атынан танысқан
Sputnik
АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Астаналық қылмыстық топ қыздардың интимдік сипаттағы суреттерін таратамын деп бопсалап, ақша талап еткен, деп хабарлайды елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері топтың ізіне түсті. Полицияның хабарлауынша, қылмыскерлер әлеуметтік желілерде танымал ресейлік блогердің атынан жалған аккаунт құрып, қыздармен танысқан.
Хабарлама жазысу кезінде олар интимдік фотоларды алмастыруды ұсынған. Сосын осы суреттермен бопсалап, ақша талап еткен.
Сонымен қатар бопсалаушылар әлеуметтік желіде ақша арнайы белгі алу, аккаунттарды жарнамалау және басқа да қызмет көрсету бойынша қызмет ұсынған.
"Күдіктілерге қатысты ақпараттық жүйені пайдаланушыларды алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы бопсалау және алаяқтық бойынша 40 факті анықталды", - деп хабарлады полицейлер.
Тергеу мүддесінде тергеудің басқа деректері жария етілмейді, деп хабарлады Астана қаласының полиция департаментіндегілер.