Әлихан Смайылов: президент үкімет алдына барынша биік мақсаттар қойды

Sputnik
АСТАНА, 2 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында мемлекет басшысының жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Әлихан Смайылов үкімет экономиканың басым секторларын дамытуға ден қоюы қажет екенін айтып, бұл бірінші кезекте терең өңделген тауарлар шығару, көлік-логистика әлеуетін толық ашу, туристік кластерді дамыту және агроөнеркәсіптік кешен резервтерін пайдалану екенін мәлімдеді.
Ол мемлекет басшысы өз жолдауында экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және оны әртараптандыру бойынша бірінші кезектегі міндеттерді айқындап бергенін, өз кезегінде үкімет бүкіл күш-жігерін осы мақсатқа жұмылдырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағыттауы тиіс екенін атап өтті.
Мысалы, бизнеске түсетін фискалдық жүктемені азайту үшін бақылауды толық цифрландыра отырып, салық есептілігінің нысандарын 30%-ға қысқарту қажет.
"Ұлттық экономика және қаржы министрліктері "Атамекен" палатасымен бірлесіп, инвесторларды бастапқы 3 жылда салық төлеуден босату мәселесін пысықтауы керек", — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр мемлекет басшысының еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту және көлік-логистикалық инфрақұрылымды кеңейту жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып, жаңа Көлік министрлігі теміржол саласында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуі талап етілетінін атап өтті. Бұдан басқа, шетелдік компанияларды тарта отырып, порт қуаттарын кеңейтуді және 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолдарын күрделі жөндеуді қамтамасыз ету керектігін айтты.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Үкімет алдына елді одан әрі газдандыру, жаңа газ өңдеу зауыттарын салу, қолда бар қайта өңдеу қуаттарын толық жүктеу бойынша міндеттер қойғанын айтты. Осыған байланысты жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ Ірі мұнай-газ және мұнай-газ химиясы жобаларын дамытудың 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасын аяқтау қажет.
Үкімет басшысының айтуынша, негізгі міндеттердің бірі су саласына кешенді реформа жүргізу болмақ. Ол үшін жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ауыл шаруашылығы министрлігіне Солтүстік Қазақстан облысының сүт-тауар фермаларын салу жөніндегі тәжірибесін құс фабрикаларына, көкөніс қоймаларына және басқа да бағыттарға тарату тапсырылды.

"Президент үкіметтің алдына агроөнеркәсіп кешенінде өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін ұлғайту міндетін қойды. Отандық агросектордағы өнімділік деңгейін арттыру үшін әлемдік практикада қолданылатын жетістіктерді бейімдеу қажет. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жылына 8-10%-ға жаңартуға ерекше назар аударған жөн", — деді премьер-министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Азық-түлік корпорациясына осы саланы тұрақтандырушы ретінде маңызды рөл беріліп отырғанын, ол азық-түлік нарығындағы бағаның өсуін тежеу үшін қажетті интервенцияларды жүзеге асыратынын еске салды.
Сондай-ақ Үкімет басшысы "Бәйтерек" холдингін трансформациялау шеңберінде "Отбасы банктің" қызметін қайта бағдарлау қажеттігін, аудандардың, моноқалалар мен ауылдардың тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге баса назар аудару керектігін айтты.
Бұдан бөлек премьер-министр 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдау, зиянды өндірістерде жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы әлеуметтік төлемдерді заң жүзінде бекіту бойынша ұсыныстарды жедел түрде енгізу, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізі сапалы білім алу екенін және осыған байланысты курстар әзірлей отырып, педагогтердің құзыреттілігін арттыру, интернет жылдамдығын жеделдету, психологиялық қызметтерді күшейту, зорлық-зомбылық және буллинг құрбандарына көмек көрсету бөлігінде қосымша шаралар қабылдауды, техникалық және жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайту сынды мәселелерге де тоқталды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы базасында жасанды интеллект саласы бойынша кадр даярлауды қамтамасыз ететін 3 университетті анықтау, әрбір өңірде Креативті индустрия орталықтарын құру, туристік салада кемінде 15 ірі жобаның тізбесін айқындау бойынша тапсырамалар берді.
Әлихан Смайылов мемлекет басшысы үкіметтің алдында барынша биік, алайда қол жеткізуге болатын мақсаттар қойғанын, ол үшін қажетті құралдар мен ресурстар бар екенін айтты.
"Президенттік реформаларды тиімді іске асыру үшін сіздердің әрқайсыларыңызға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жұмыс үйлесімді және нәтижелі болуы тиіс. Біз алдымызда тұрған міндеттерді шешу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз", - деді премьер-министр.