АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты жаза қатаңдатылады. Бұл туралы президент ел халқына Жолдауында мәлімдеді.
"Мен мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек", - деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Сондай-ақ, оның айтуынша, өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе.
"Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек", - деді мемлекет басшысы.