АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суды барынша үнемдеуге шақырды. Ал суды нормативтен артық жұмсағандар ақысын жоғары тарифпен төлеуі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінгі жолдауда президент су үнемдеу мәселесіне баса назар аударды. Осы саладағы "көлеңкелі" нарықты да түбірімен жою қажет.
"Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың "көлеңкелі" нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз "Судың да сұрауы бар" деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Себебі Қазақстан үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес.