АСТАНА, 31 тамыз – Sputnik. Премьер-министрі Әлихан Смайылов "AMANAT" партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында президент жолдауы бойынша есеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан партияға сілтеме жасап.
Үлкен саяси өзгерістер
Премьердің айтуынша, президенттің 2019-2022 жылдары жариялаған жолдаулары "қиын кезеңде, үнемі туындап отыратын сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында іске асырылды".
"Дегенмен жалпы қойылған міндеттер жүзеге асырылды, ал ұзақ мерзімді және жүйелі тапсырмалар орындалу барысында", - деді Смайылов.
Тоқаев алғашқы жолдауында үлкен саяси өзгерістерді жариялады. Соның аясында Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Басқа да маңызды шаралар қолға алынды.
Олар:
Ұлттық құрылтай құрылды;
бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің жаңа тәртібі бекітілді;
заң жүзінде сыбайлас жемқорлық қылмыс орын алған мемлекеттік орган басшысының жауапкершілігі бекітілді;
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды;
мемлекеттік органдар үшін азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуіне арналған бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылды;
аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау институты енгізіліп, 1576 ауыл әкімі сайланды;
Жер кодексіне шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін беруге түпкілікті тыйым салынды;
Ал "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру аясында үкімет "Қоғамдық бақылау туралы" заңды әзірледі.
Жаңа облыстар құрылды
Президенттің тапсырамасы бойынша жаңадан үш облыс – Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды. Ал агломерацияларды дамыту мақсатында биыл жергілікті билік органдарының агломерацияларды дамыту саласындағы өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған заң қабылданды.
Әкімшілік реформа да жалғасып жатыр. Үкіметтің 500-ге жуық функциясы орталық мемлекеттік органдарға берілді және жергілікті атқарушы органдарың өкілеттіктері кеңейтілді. Мемлекеттік қызметшілер саны 15%-ке қысқартылды.
Баласы отбасыларға қандай жағдай жасалды
Қазақстанда жаңа Әлеуметтік кодекс еңгізілді. Осы құжат азаматтарды туғаннан бастап егде жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдауды көздейді. Негізгі шаралар:
балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды;
көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы артты;
1 қыркүйектен бастап мектептерде 1-4-ші сыныптағы балалары тегін тамақтанады;
Сондай-ақ, ағымдағы жылы әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 97 мың баланың балабақшаларда тегін тамақтану мәселесі шешілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 23%-ке артты. Ал әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бектілді.
Қазақстандықтарға өз зейнетақы жинақтарын басқару құқығы берілді. 1 миллионнан астам адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдаланды.
Жалақы қалай өсті
1,2 млн азаматтық қызметкердің жалақысын 2 есеге арттыру міндеті қойылды. "Сондықтан біз жыл сайын мұғалімдердің жалақысын 25%-ке, дәрігерлердің жалақысын 30%-ке, орта медициналық персоналдың және басқа санаттағы жұмыскерлердің жалақысын 20%-ке арттырып келеміз", - деп атап көрсетті премьер-министр.
Жастардың жас шамасы 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде 5,7 млн адам мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады. Биыл олардың 9 мыңға жуығы, соның ішінде әлеуметтік осал топтардағы жастар, 2,5%-пен жеңілдетілген кредиттер, өтеусіз гранттар алып, өз істерін ашты.
Өткен жылы 1 700 жетекші ғалымның жалақысы 70%-ке өсті. Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 20%-ке артады.
"Ауыл аманаты" арнайы бағдарламасы бойыншаауыл халқының табысын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Осы мақсаттарға 1 трлн теңге, оның ішінде, биылғы жылы 100 млрд теңге бағытталады. Бұл 350 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 1 млн-нан астам ауыл тұрғындарының табысын арттыруға оң ықпал етеді.
Жемқорлардың ақшасы
Бүгінде білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры да құрылды. Осы қорда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар шеңберінде мемлекетке қайтарылған қаражат жинақталады. Бүгінгі күні Қорға 120 млрд. теңге түсті. Оның 97 млрд теңгесі 62 мектеп салуға жұмсалды.
Ал жоғары білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын гранттарының саны артып отырады. 1 қыркүйектен бастап 380 мыңнан астам студенттің стипендиясы өседі.
2020 жылдан бастап жыл сайын жатақханаларда 10 мың орын пайдалануға беріледі. Жатақханалар құрылысын мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде қазірдің өзінде 99 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 32-сі ашылады деп жоспарлануда. Халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарынан шыққан, басқа қаладан келген студенттерге жатақханада тұру шығындары өтелетін болады.
Бизнеске жағдай жасалды
2020 жылдан бастап елімізде шағын және микробизнеске тексеру жүргізуге жарияланған мораторий 2024 жылға дейін ұзартылды.
Сондай-ақ бизнесті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларындағы тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осындай автоматтандырылған тәсіл тексерулерді адамның қатысуынсыз тағайындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексерулер 2 есеге қысқарады.
Орта бизнестің үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 31,7%-тен 36,5%-ке дейін өсті.
Ұлттық қордың ақшасы балаларға аударылады
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап "Ұлттық қор – балаларға" бастамасы қолға алынады. Оған сәйкес, бала 18 жасқа толғанға дейін есепшотында ақша жинақталады. Одан кейін оны білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Осы шарамен 6,7 млн баланы қамтылады.
Осы жылдан бастап жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жұмыс істей бастады.
Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам азамат соттан тыс банкроттық рәсімін пайдаланды. Бұл олардың қарыз жүктемесін және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік берді.
Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі жұмысты күшейту мақсатында тиісті заң қабылданды.
Экономиканың жағдайы қалай болып жатыр
Смайыловтың айтуынша, пандемия мен күрделі геосаяси жағдайларға қарамастан, қабылданған шаралардың арқасында ел экономикасы сенімді өсім көрсетіп жатыр.
"Ағымдағы жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,8%-ті құрады. Биыл экономиканың өсімі 5% деңгейінде болады деп күтілуде. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады. Биыл жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13,3 мың долларға дейін өсті. Сыртқы сауда айналымы биыл 140 млрд долларға дейін ұлғаяды. Қазір еліміздің халықаралық резервтері 95 млрд долларды құрайды", - дейді премьер.
Оның айтунша, инфляция біртіндеп төмендеп келеді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда жылдың соңына дейін 2 есе төмендейтін болады.
"Мемлекет басшысының алдыңғы жолдауларда берген тапсырмалары жалпы орындалды деп айтуға болады. Жүйелі және ұзақ мерзімді тапсырмаларды іске асыру жалғасуда. Жаңа және әділетті Қазақстанды құру жолында маңызды қадам жасалды деп ашық айтуға болады", - деп атап көрсетті Смайылов.