АЛМАТЫ, 31 тамыз – Sputnik. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әкімдікпен бірлесіп, Жамбыл облысының фермерлерімен кездесу өткізді. Құрғақшылық пен шығын көлемін анықтау үшін комиссия құрылды.
"Атамекен" мамандары суармалы суға қатысты түбегейлі іс-шаралар қабылданбаса проблема ушыға түседі деп санайды.
Еске сала кетейік, құрғақшылық пен Қырғызстаннан берілетін су көлемінің қысқаруы суармалы су тапшылығына әкеліп соқтырды. Соның салдарынан Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай режимі енгізілді. Алдын ала болжам бойынша 338 фермер зардап шекті, шығындар миллиард теңгеден асады.
"Бүгінде Қазақстанда су беретін 3298 каналдың жартысынан көбі жөндеуді және қайта жаңартуды талап етеді. Біз суды жеткізудің жер үсті әдісін қолданамыз, бірақ көп жерде су бетонмен қапталған жылға-науалармен ақпайды. Салдарынан судың көп мөлшері тіпті егіс алқабына жетпейді, буланып кетеді немесе жерге сіңіп кетеді", – деді "Атамекен" ҰКП агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Бауыржан Ахметаев.
"Жерді мелиорациялау туралы", "Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы", "Сумен жабдықтау және су бұру туралы" заңдарды қабылдау керек. Кейбір заң жобалары бұрын талқыланған, бірақ өкінішке қарай, сол күйі қабылданбаған.
Сондай-ақ кадрлар мәселесіне ерекше назар аудару керек, әсіресе салаға гидротехниктер, геологтар, гидрологтар, инженерлер керек. Қазіргі уақытта өңірлерде кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі байқалады.
"Атамекен" суаруды дамытудың мемлекеттік тәсілін қайта қарау қажет екенін атап өтті.
"Барлық канал мемлекетке тиесілі екенін ескере отырып, суару жүйесін жұмыс жағдайына келтіру керек. Бұл ретте ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру және қалпына келтіру кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің әлеуетін пайдалану жөніндегі шараларды қарастыру ұсынылады. Ирригациялық желілерді салу саласына жеке инвесторларды тарту мемлекеттік бюджет шығындарын бірнеше есе қысқартуға және суармалы жерлердің ауданын ұлғайтуға мүмкіндік береді", - дейді ҰКП.
Су тапшылығынан басқа егістіктерді сақтандыру құралдарына назар аударған жөн.
"Мемлекеттік қолдау арқылы ерікті сақтандырудың қолданыстағы құралдары өзінің жоғары тиімділігін көрсетуде. Жыл сайын сақтандыру жағдайының басталғанын растауға байланысты сақтандыру төлемдері өсіп жатыр. Мысалы, егер 2021 жылы фермерлерге сақтандыру төлемдері 824 млн теңгені құраса, 2023 жылы тек екі кезеңнің қорытындысы бойынша (барлығы үш фазалық сақтандыру) төлемдер 2,5 млрд теңгені құрады", - деп жазылған хабарламада.
Алайда, өкінішке қарай, бүгінде дақылдарды сақтандыру суармалы жерлерге қолданылмайды. Мысалы, Ресей Федерациясында суару көздеріндегі су болмауы пен судың аздығы сақтандыру тәуекелдерінің тізіміне енгізілген, яғни суару көздеріндегі су деңгейі ауылшаруашылық дақылдарын суару элементтері бойынша су беру мүмкін еместігіне әкелетін деңгейге дейін төмендеген кезде фермерлер сақтандыру төлемдерін ала алады.
ҰКП мамандары егер Қазақстанда осындай механизмдер қолданылса, Жамбыл облысының фермерлері үшін салдары жеңілдеу болар еді деп есептейді.