АЛМАТЫ, 31 тамыз - Sputnik. Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтына биыл 200-ден астам курсант қабылданды. Оның ішінде "әскери медицина" мамандығы бойынша 22 қыз бар.
Конституция күні қарсаңында институттың жас курсанттары әскери ант қабылдады.
Курсанттар елдің түкпір-түкпірінен жиналды. Жамбыл облысы Тараз қаласынан келген Нұрасыл Құрман бала кезінен ұшқыш болуды армандаған.
Ақтөбедегі Әскери институт тұңғыш рет курсант қыздарды оқуға қабылдады
© Ақтөбе облысының әкімдігі
"Менің туыстарымның арасында әскери адамдар бар. Мен бала кезімнен ұшқыш болуды армандадым. Мен 40 күндік іріктеуден абыроймен өттім. Менің мамандығым - "жауынгерлік басқару офицері", мен ұшақтарды басқарамын", - деді Нұрасыл Құрман.
Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты - Орталық Азиядағы ұшу және инженерлік-техникалық құрамды оқытатын жалғыз әскери институт. Тәуелсіздік алғаннан бері мұнда 2700 офицер дайындалды.
Қазір оқу орны заманауи авиациялық тренажерлерді қолдана отырып, жоғары білікті авиациялық кадрларды дайындауда. 2021 жылдан бастап институт ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану бойынша мамандар даярлауды бастады.