АСТАНА, 30 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысында соттың шешімімен заңсыз вейптердің ірі партиясы жойылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
"Шегуге арналған құрылғылардың жалпы сомасы 171 млн теңгеден асып отыр. Барлығы 49,5 мыңнан астам вейп жойылды", - дейді агенттік мамандары.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ведомство Қазақстан аумағына вейптердің заңсыз әкелінуіне қарсы күрес аясында тұрақты түрде тиісті шаралар қабылдап жатыр. Нәтижесінде осы жылы тек Жамбыл облысында осыған ұқсас 3 факті анықталған. Барлығы 175 мың дана вейп тәркіленді.
Тәркіленген тауардың жалпы сомасы 350 млн теңгені құрап отыр. Қылмыстық істер бойынша үкім шығарылғаннан кейін заңсыз тауар жою шаралары қабылданады.