Ұлттық қордан тағы 3,6 трлн теңге алынады

Бұл қаражат әлеуметтік және маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады
Sputnik
АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге трансферт тартылады. Бұл туралы вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы – 20,1 трлн теңге, 2026 жылы – 21,2 трлн теңге.
"Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге (2023 жылы – 4 трлн теңге) көлемінде трансферттер тартылады. Бұл қаражат әлеуметтік және маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады", - деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Яғни жолдарды, жылу, газ, сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ "Жайлы мектеп" және "Ауыл денсаулығын жаңғырту"ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізуге бағытталады.
2024 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2,6% деңгейінде болжануда. Ол 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3% дейін төмендейді, деді қаржы министрі.
Зейнетақы, жәрдемақы және стипендия өседі: әлеуметтік салаға 9,9 трлн теңге бөлінбек