Қазақ-қырғыз шекарасындағы кептеліске не себеп болғаны анықталды

Қаржы министрлігі 16 тамыздан бастап тауарларды қадағалау паспортын қолдану бойынша техникалық эксперимент іске қосылғанын хабарлады
Sputnik
АСТАНА, 29 тамыз — Sputnik. Қазақ-қырғыз шекарасындағы кептеліске жазғы кезеңде жеміс-көкөніс өнімдерін тасымалдау көлемінің ұлғаюы және жолаушылар ағынының өсуі себеп болды, деп есептейді Қазақстанның қаржы министрлігі.
"19-20 тамыз аралығында Қырғызстан тарапынан шекараны кесіп өтетін жүк көліктері жиналып қалды. Оған жазғы кезеңде жеміс-көкөніс өнімдерін тасымалдау көлемінің ұлғаюы және жолаушылар ағынының өсуі себеп болды", - деп жазылған ведомствоның хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, шекарашылар өткізу пункттерінде заңсыз әрекеттерге қарсы іс-шаралар кешенін іске асырып жатыр. Қазіргі уақытта өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр, орташа тәулігіне шекараны 350-400 жүк автомашинасы кесіп өтеді.
Сонымен қатар елдердің фискалдық органдары көлеңкелі тауар айналымына қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жүргізуде.
"2022 жылдың ақпанында Қырғыз экспорттаушылары үшін электронды шот-фактураларды міндетті ресімдеу шарасы енгізілді. 2023 жылғы 1 сәуірден бастап тауарларға электронды ілеспе жүкқұжаттарды міндетті ресімдеу енгізілді", - деп еске салды ведомство.
Электронды ілеспе жүкқұжаттар шекарадан өткенге дейін ресімделеді және жалған жүк алушылардың, банкроттардың, таратылған тұлғалардың және т. б. мекенжайына ресімдеу мүмкіндігін болдырмайды.
"Сондай-ақ 2023 жылғы 16 тамыздан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының алып қою тізбесінен тауарларды қадағалау паспортын (төмендетілген кедендік баж) қолдану бойынша техникалық эксперимент іске қосылды", - дейді мамандар.
Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді іске асыру шеңберінде, сонымен қатар көлік құралдарын кедергісіз өткізу мақсатында 2023 жылғы 30 мамырдан 20 тамызға дейін үш ел (Қазақстан, Қырғызстан және Ресей) навигациялық пломбаларды қолдану бойынша эксперимент жүргізді.
Эксперимент нәтижелерін зерделеу қорытындысы бойынша навигациялық пломбаларды қолдануды тұрақты негізде жүзеге асыру жоспарлануда.