Инфляция 5%-ке дейін төмендейді: Қазақстанның даму болжамы жарияланды

Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ті құрайды
Sputnik
АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елдің 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты дамудың үш сценарийі қаралды.
"Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 80 доллар деңгейінде алу ұсынылады. Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ті құрайды. Инфляция 2024 жылы 6-8%, 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде айқындалды, кейіннен 2026–2028 жылдары 5%-ке дейін төмендейді",- дейді Қуантыров үкімет отырысында.
2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі 5,3%-ті құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ке дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін ұлғаяды.
Экономиканың барлық базалық саласында өсім болжанып отыр. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 4,9%-ті, тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 3,1%-ті құрайды.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің орташа жылдық өсімі 4,5%-ті құрайды. Құрылыс саласындағы болжамды өсім орта есеппен 8,8%, саудада – 7,4%.
Экспорт көлемі 2024 жылы 83,1 млрд доллардан 2028 жылы 94,8 млрд долларға дейін ұлғаяды, импорт 60,7-ден 65,6 млрд долларға дейін өседі.
Ұлттық қордан тағы 3,6 трлн теңге алынады