АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Екібастұз-2 станциясында төгілген күкірт қышқылына қатысты төтенше жағдай қалпына келтірілді, деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
"Күкірт қышқылының төгілуін жою үшін құтқарушылар жұмылдырылды. 28 тамыздан 29 тамызға қараған түні қышқылдың төгілуі шұғыл түрде сәтті тоқтатылды. Оқиға орнына 37 тоннадан астам әктас жеткізіліп, ол күкірт қышқылын залалсыздандыруға жұмсалды", - делінген хабарламада.
Төгіліп жатқан резервуардағы қышқыл жақын маңдағы станциядан келген басқа цистерналарға құйылды. Оқиға орнында 15 теміржолшы күкірт қышқылы төгілген алаңды қоршау және оны әкпен жабу жұмыстарын бастады.
"Күкірт қышқылы тиелген цистерналарды бітеу жұмыстары жүргізілуде. Апатты жою жұмыстары жалғасып жатыр. Төгілген қышқылдың жалпы көлемі сараптама жүргізуден кейін анықталады", - деп жазылған құтқарушылар таратқан хабарламада.
Бұған дейін хабарлағандай, 28 тамыз күні сағат 16.40-та әскерилендірілген теміржол кезекшісінен Екібастұзда орналасқан Екібастұз-2 станциясының алтыншы жолында цистернадан күкірт қышқылы ағып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Тасымалданған қышқылдың жалпы көлемі 78,3 тоннаны (2 вагон) құрады.
Полиция басқармасының қызметкерлері, әскерилендірілген теміржол күзетшілері оқиға орнын қоршауға алды. Ол жерде жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, полиция басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызметкерлері мен тасымалдаушылар өкілдерінен құрылған штаб ұйымдастырылды.