АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Қазақстандық "Bereke Bank" халықаралық санкциялар алынғаннан кейін төлем карталарының жұмысын қайта іске қосты.
"Bereke Bank – халықаралық санкциялар алынғаннан кейін төлем карталарының жұмысын қалпына келтірген әлемдегі алғашқы қаржы институты. Халықаралық төлем жүйесімен толыққанды жұмыс небәрі үш айда жасалды, бұл әлемдік тәжірибеде әдеттегіден екі есе жылдам орындалған үдеріс", - делінген банктің хабарламасында.
"Bereke Bank" АҚ басқарма төрағасы Андрей Тимченконың айтуынша, Mastersard-пен жұмысты қайта бастау – банк үшін баға жетпес тәжірибе. Ол осы процеске қатысқан әрбір қызметкерге алғыс айтты.
"Командалар қысқа мерзім ішінде жаңа қатысушыны MasterCard халықаралық төлем жүйесіне қосудың барлық процедурасынан өтіп, клиенттерімізге әлемнің кез келген нүктесінде қауіпсіз және сенімді транзакцияларға кепілдік беретін цифрлық төлем әдістеріне қол жеткізуді қамтамасыз етті", - деді Тимченко.
Ол Bereke Bank операциялық қызметті толық қалпына келтіру бағытын ұстанатынын, өйткені клиенттер белсенді түрде банкке қайта оралып жатқанын атап өтті.
"Біз банкпен бірге қазақстандықтарға заманауи төлем құралдары мен сервистерді көбірек ұсынуға және цифрлық болашақты жақындату үшін одан әрі жұмыс істейтін боламыз", – деді Орталық Азиядағы Mastercard бас директоры Рафал Трэпка.
Айта кетері, банктің Mastercard карталарымен бүкіл әлем бойынша, соның ішінде сауда орындары, дәмханалар мен мейрамханалар, интернет-сайттар мен қосымшаларда төлем жүргізуге, аударымдар жасауға және қолма-қол ақша алуға болады. Сондай-ақ, клиенттерге онлайн операциялардың барлық түрі, соның ішінде ұлттық және шетел валютасындағы аударымдар (АҚШ доллары, еуро, рубль және юань) қолжетімді.