400-ден астам медициналық орталық жабылуы мүмкін

Кәсіпкерлер МӘМС аясында қызметтерді сатып алуға рұқсат алу үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына кемінде 10 мың адам тіркеу талабымен келіспей отыр
Sputnik
АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығынан кейін 400-ден астам медициналық орталық жабылып қалуы мүмкін, деп хабарлады Atameken.kz порталы.
Министрлік медициналық ұйымдарды ірілендіруге арналған бұйрық жобасын әзірледі. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы бастамаға қарсы. Себебі бір ұйым шеңберінде медициналық қызметтер көрсету үшін әзірленген жаңа нормалар іс жүзінде қазақстандықтарды қолжетімді медициналық көмек алу құқығынан айыруы мүмкін. Медициналық ұйымдарды ірілендіру шараларынан кейін шағын дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталықтары жабылады.
Палатаның медициналық қызметтер департаментінің басқарушы директоры Назгүл Қабдрахманованың айтуынша, жаңа талапта клиникалық-диагностикалық бөлімшелерді ашу міндеті де бар.
"Қазіргі кезде Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 257 жеке ұйымның 219-ында клиникалық-диагностикалық бөлімшесі жоқ. Демек, 219 ұйым медициналық көмек көрсету нарығынан шығып қалады. Мұндай жағдайға күндізгі стационарлар қалып отыр. Олар жаңа талап бойынша тіркелген тұрғындардың қажетті көлемі болмаса, пациенттерді қабылдай алмайды. Қазақстан бойынша олардың саны 239 бірлік. Осылайша Қазақстан бойынша 458 медциналық ұйым жабылу алдында тұр", – дейді Қабдрахманова.
Кәсіпкерлер МӘМС аясында қызметтерді сатып алуға рұқсат алу үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына (МСАК) кемінде 10 000 адам тіркеу талабымен де келіспей отыр. Себебі шағын қалаларда жеке меншік медициналық орталықтарды жабуға тура келеді. Оны Арқалықтағы медициналық орталықтардың құрылтайшысы Сәбит Әбдіқадырұлы да айтты.
"Бөлу кезінде моноқалалар неге қарастырылмады? Біздің Арқалықта небәрі 25 мың тұрғын бар. Біздің емханаға бес мыңға жуық адам тіркелген. Бізге 10 мың адам тіркеу мүмкін емес. Осы көрсеткішке жету үшін тіпті 2-3 жыл уақыт берсеңіз де мүмкін емес көлем. Осындай нормалар белгіленсе, онда моноқалалардағы медициналық жеке сектор жойылады", – деп атап көрсетті Әбдіқадырұлы.
Осы мәселелердің бәрі палата алаңында бірнеше рет талқыланды. Алайда тараптар бір шешімге келмей отыр.