Дерекқор

Жалған ақшаны қалай ажыратуға болады

Банкноттарды қолдан жасағандар қылмыстық жауапқа тартылады, тіпті 10 жылға сотталып кетуі мүмкін
Sputnik
Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге әлемдегі қолдан жасаудан барынша қорғалған валюта. Десе де технологияның дамуымен алаяқтар түрлі жолдарын тауып, банкноттарды қолдан жасап жатады. Жалған ақшаны түпнұсқа банкноттан қалай ажыратуға болатынын толығырақ Sputnik материалынан оқыңыз.
Алаяқтар жалған банкноттарды негізінен компьютерлік техниканың және кәдімгі офсеттік қағазда сиялы принтердің көмегімен жасайды. Жалған ақша жасайтындар көп жағдайда көзге көрінетін қорғаныс элементтерін салуға тырысады. Бір қарағанда, қорғаныс элементтері шынайы болып көрінуі мүмкін, алайда мұқият зер салсақ кез келген адам оның жалған екенін бірден анықтайды.

Түпнұсқа банкноттың белгілері

Ұлттық банк түпнұсқа банкноттарды қолдан жасалған ақшадан ажыратуға көмектесетін қарапайым қағидалар бар екенін атап өтті. Ол "сезін, қара, аударып көр" әдісі.
Ерекше дыбысы және арнайы мөр
Ең алдымен, банкнотты сезіну керек. Түпнұсқа банкнот қағазы өзіне тән ерекше шытырлайды. Онда бедер беретін арнайы мөр болады. Бұл бедерді "Қазақ елі" монументі орналасқан тұста, банкнот номиналының әріптік бейнесі, сәулет бейнелері, Қазақстан картасы және "ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ" деген сөздері бар жерде сезінуге болады.
Сол сияқты барлық банкнотта көру қабілеті нашар адамдарға арналған, қолмен ұстағанда жақсы білінетін дөңес тәрізді жоғары бедерлі элемент түріндегі таңбалар бар.
Банкноттың түсі және магнитті жіп
Содан кейін банкнотқа мұқият назар аударған жөн. Банкноттың түсі анық және контрастылы болуға тиіс, су таңбасы мен номиналдың цифрлық бейнесін көру үшін банкнотты жарыққа бағыттау қажет.
Бұдан бөлек банкноттың бетінде жарыққа тосып қараған кезде тұтас жіп ретінде анық көрінетін жазуы бар пунктир түріндегі біртұтас магнитті және үзік-үзік жіп бар.
Түстің ауысуы
Ең соңында банкнотты аударып қарау керек. Номиналы 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 және 20 000 теңгелік банкноттарда түрлі-түсті бояумен салынған сурет түріндегі бейнелер бар. Банкноттың көлбеу бұрышы өзгерген кезде бейнелердің түсі жасылдан алтын түске өзгереді.
Купюраны осы әдіспен тексеруге бірнеше минут уақыт кетеді және ол банкноттың түпнұсқасын анықтауға көмектеседі.

Теңгедегі банкноттардың дизайны өзгеруі мүмкін

Жуырда "Ашық НҚА" порталында теңге банкноттары мен монеталары дизайнына өзгеріс енгізу туралы жарлық жобасы жарияланды.
Құжатқа сәйкес, ұлттық валюталарда Ұлттық банк төрағасының қолы қайтадан пайда болуы мүмкін. Айта кетері, 2016 жылдан бастап банкноттарға Ұлттық банк төрағасының қолы қойылмайды.
Сонымен қатар банкноттарда жалған ақша жасағаны үшін жауаптылық көзделгені туралы ескерту жазылады.
"Мұндай жаңашылдық тұтынушы алдында шығарылған банкноттардың түпнұсқалығына кепілдік беру функциясын күшейту мақсатында енгізіліп отыр. Бұл практика бірқатар елде, атап айтқанда, Еуропалық одақта, сондай-ақ Англияда, АҚШ пен Сингапурда қолданылады", - делінген негіздемеде.

Жалған ақша жасағандар қалай жазаланады

Қылмыстық кодекстің 231-бабы – "Жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу" бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Банкноттарды қолдан жасағандар мүлкi тәркiленiп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер мұндай әрекетке қылмыстық топ барса, 8 жылдан 12 жылға дейiн сотталады.
Нұр-Сұлтандағы ақша айырбастау пункттері арқылы жалған доллар сатылды