Мәдениет

Қазақстанға қыдырып келген туристер қанша теңге жарна төлейді

Жыл басынан бері әкімдіктердің бюджетіне туристік жарна есебінен 314 млн теңге түскен
Sputnik
АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Енді туристік жарна пайызбен емес, айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Оның мөлшері өңірлерге байланысты 0,2-ден 0,5 АЕК-ке дейін болады.
Мәдениет және спорт министрлігі 1 тамыздан бастап шетелдіктер үшін туристік жарна төлеудің жаңа ережесі күшіне енгенін еске салды. Министрдің 2023 жылғы 14 шілдедегі бұйрығына сәйкес туристік жарна жергілікті мәслихаттар анықтайтын 0,2-ден 0,5 АЕК-ке дейінгі белгіленген мөлшерлемеде қолданылады.
"Қазақстанда шетелдіктер үшін туристік жарна осы жылдың басынан бастап алынады. Дегенмен, кәсіпкерлермен және қонақ үй бизнесінің өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша туристік жарнаның мөлшерін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Бұрын ол АЕК емес, тұру құнының пайызымен есептелетін. Мұндай жарна шетелдік туристерге қолайсыздық туғызбайды, әкімдіктердің бюджетін толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл жалпы әлемдік тәжірибе", - деп мәлімдеді мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Қазір туристік жарна төлеуден босатылатын адамдардың санаттарын анықтау мәселесі пысықталып жатыр. Алайда бұл үшін заңға өзгеріс енгізу қажет, сондықтан оған ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін, деп атап өтті вице-министр.
МСМ ақпаратынша, жарна мөлшері былтырғы сәйкес кезеңдегі турист саны бойынша статистикалық деректер негізінде айқындалады. Егер шетелдік туристер бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда аз болса, онда мәслихат мөлшерлемені ең төменгі деңгейге дейін азайтуы мүмкін. Ал туристер саны өссе, жарна мөлшерін 0,2 АЕК, 0,3 АЕК, 0,4 АЕК және 0,5 АЕК-ке дейін ұлғайтуға болады.
Туристік жарна мөлшерлемесін маусымға байланысты, алайда жылына екі мәрте ғана өзгертуге рұқсат беріледі.
"Шетелдіктерден туристік жарна хостелдер, қалалар мен аудандардағы жалдамалы тұрғын үйлерді қоспағанда, орналастыру орындарында болған әрбір тәулік үшін алынады. Жарты күн үшін де жарна толық күн ретінде есептеледі. Туристік жарна орналастыру орындарында тіркелген кезде төленеді. Ол тұру құнына қосылмайды", - деп түсіндірді ведомстводағылар.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың басынан бері әкімдіктердің бюджетіне шетелдіктер төлейтін туристік жарна есебінен шамамен 314 млн теңге түсті.
Алматыда 2023 жылдан бастап шетелдіктер туристік жарна төлейді