АСТАНА, 26 тамыз – Sputnik. Қазақстанның үш өңірінде әскери міндеттілер әскери жиынға шақырылады, деп хабарлайды қорғаныс министрлігі.
"Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарының қорғаныс істері жөніндегі департаменттері әскери міндеттілерді жиынға шақырады", - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, жиын Гвардейск гарнизонындағы 22326 әскери бөлімінде өтеді. Оған 1500 адам, соның ішінде 189 офицер, 275 сержант және 1 036 сарбаз қатысады.
"Әскери жиындардың негізгі мақсаты – практикалық дағдыларға машықтау және оны жетілдіру, әскери даярлықты талап етілетін деңгейде және әскери міндеттілерді жауынгерлік әзірлікте ұстау", - деп атап өтті қорғаныс ведомствосы.