АСТАНА, 25 тамыз – Sputnik. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов елімізде жаңа жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосыла ма деген сұраққа жауап берді.
"Ұлттық банктің күн тәртібінде ипотеканы қаржыландыру бойынша қандай да бір қосымша жеңілдетілген бағдарлама жоқ. Біз Ұлттық банктің экономиканы қаржыландыруға қандай да бір қолдау көрсетуге қатыспағаны дұрыс деп санаймыз. Жеңілдетілген қаржыландырудың барлығы біздің негізгі мақсатқа – инфляцияны төмендету және оны төмен деңгейде ұстап тұруға қайшы келеді", - деді Пірматов.
Оның пікірінше, мемлекет тарапынан қазақстандықтарға баспана сатып алуға көмек көрсетілуі керек. Бірақ ол атаулы және Ұлттық банктің есебінен емес, республикалық бюджет есебінен болуға тиіс.
"Ұлттық банктің экономиканы қолдау бойынша барлық бағдарламадан шығуын жалғастыру дұрыс болады деп санаймын. Олар жетеу болатын, бесеуінен шықтық. Енді Қарапайым заттар экономикасы және "7-20-25" қалды. Біз олардан да тезірек шығуды жоспарлап отырмыз", - деді Пірматов.