АСТАНА, 25 тамыз – Sputnik. Қазақстан мен Тәжікстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорда.
"Сізбен елордамызда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің сапарыңыз біздің бауырлас елдеріміз арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие. Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Астанадағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына Сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады. Сіздің сапарыңызды жоғары бағалаймын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Эмомали Рахмон да ҚР президентіне шақырту мен ілтипатқа алғыс білдірді.
"Ең алдымен, бүгін сізбен екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағым келеді", - деді Рахмон.