Биыл 801 қандас грантқа түсті

Қазақстанның жоғары оқу орындарына грантқа түсуге жалпы 80 елден өтінім түсіп, білім конкурсына 2200-ге жуық үміткер қатысқан
Sputnik
АЛМАТЫ, 25 тамыз – Sputnik. Биыл Қазақстанда 801 қандас жоғарғы оқу орнына грантқа қабылданған. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің баспасөз қызметі айтты.
Қазақстан Республикасының азаматы емес ұлты қазақ адамдар үшін қабылдау квотасының мөлшері 2012 жылғы 28 ақпандағы №264 Қазақстан үкіметінің қаулысы бекітілген.
"Қаулы диаспора өкілдеріне белгіленген квота шегінде білім грантын беру конкурсына қатысуға мүмкіндік берді", - дейді министрліктің баспасөз қызметі.
Министрліктің айтуынша, Қазақстанның жоғары оқу орындарына грантқа түсуге жалпы 80 елден өтінім түсіп, білім конкурсына 2200-ге жуық үміткер қатысқан. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
"Мәселен, белгіленген квота аясында 2020 жылы 910, 2021 жылы 784, 2022 жылы 654, 2023 жылы 801 адам қабылданды. Оқуға келгендердің басым көпшілігі Өзбекстан, Моңғолия, ҚХР-дан келген", - дейді ведомство.
Шетелдіктер үшін халықаралық қатынастар бойынша білім алуға 365 грант берілген.
"Шетелдік азаматтардың, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы емес ұлты қазақ қандастарға 490 грант берілді. Резервте 100 грант бар", - дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз жетекшісі Ержан Байтанаев.
Сондай-ақ магистратураға 13 253, докторантураға 1 890 грант бөлінді.
"Қазақстанда төртінші жыл қатарынан Қазақстан азаматы болып саналмайтын ұлты қазақ адамдарға арналған стипендиялық бағдарламаға үміткерлерді іріктеу жүріп жатыр. Бұл бағдарлама бойынша да үміткерлер саны артып келеді. Биылдың өзінде 6 024 өтінім түсті", - дейді Байтанаев.
Министрліктің баспасөз мәліметіне сәйкес, стипендиялық бағдарлама жүзеге асқаннан бері 10 мыңнан астам үміткер өтінім берген. Бұл бағдарлама бойынша 139 стипендиат қазақстандық жоғары оқу орнын тәмамдап, 538 студент қазіргі күні оқуын жалғастырып жатыр.