АСТАНА, 25 тамыз – Sputnik. Алматыда 19 жаңа жекеменшік мектеп салынады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдағы екі жылда 14,4 мың орындық 19 жекеменшік мектеп ашу жоспарланып отыр. Соның ішінде ірі құрылыс компанияларымен меморандум аясында 9 мың орындық 10 мектеп салынады.
"Осы шаралардың барлығын ескере отырып, біз 2026 жылдан бастап мемлекеттік мектептердің бір бөлігін біртіндеп бір ауысымды оқытуға көшіруді көздеп отырмыз", - деді қала әкімі.
Әкімдік 5,2 мың орындық 13 мемлекеттік білім ошағын салу және жобалауды жалғастыруда. Олар алдағы екі жылда пайдалануға беріледі.
Былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесу барысында 2030 жылға қарай қаланың барлық оқушысы бір ауысымда оқуға тиіс екенін мәлімдеген еді.