АЛМАТЫ, 24 тамыз – Sputnik. Тоқаев 15-ші "Брикс Плюс" саммитінде "Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы" бастама көтерді, деп хабарлайды Ақорда.
"Қазақстан, Ұйымның негізін қалаушылардың бірі ретінде, өзінің төрағалық ету кезеңінде ШЫҰ-ны алдымыздағы сын-қатерлерге төтеп беретін анағұрлым тиімді алаңға айналдыруды көздеп отыр", - дейді президент.
Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы көпжақты қарым-қатынасты және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинады.
"БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, мен мынадай негізгі бағыттар бойынша күш біріктіруді ұсынамын. Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде "Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы" бастама көтердім", -деді саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған.