АСТАНА, 23 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі алты тас жолда жылдамдықты өлшейтін жаңа кешен іске қосылатынын хабарлады. Айыппұл автоматты түрде жіберіледі.
Бұған дейін "ZEREK-2" бағдарламалық кешені "Көкшетау–Астана" тас жолында сынақтан өтіп, жақсы нәтиже көрсетті.
25 тамызда сағат 00:00-ден бастап "ZEREK-2" кешені штаттық режимде 6 тас жолда іске қосылады. Олар:
Шымкент – Қызылорда,
Шымкент – Өзбекстан шекарасы,
Шымкент – Тараз,
Тараз – Қайнар,
Қонаев – Талдықорған,
Астана – Павлодар.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл жеті айдың ішінде 7 мыңға жуық жол апаты тіркелді. 1 200-ден астам адам қаза тауып, 8 500-ге жуық адам түрлі жарақат алды. Соның ішінде жылдамдық режимін сақтамау салдарынан қала сыртындағы трассаларда 730 жол апаты тіркелді. Онда 300-ден астам адам қаза тауып, 1200-ден астамы зардап шекті.