АСТАНА, 23 тамыз – Sputnik. Биыл мемлекеттік зейнетақы төлемдерін тағайындау параметрлерін өзгертудің нәтижесінде 1,4 миллионнан астам адамның зейнетақысы тағы 2 процентке өсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Президент зейнетақыны көтеру бойынша нақты тапсырма берген болатын. Біріншіден, 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54-тен 70 процентіне, ал ең жоғары мөлшерін 100-ден 120 процентке дейін кезең-кезеңімен ұлғайту қажет.
Биыл базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 60 процентке дейін көтерілді. Осылайша, ең төменгі зейнетақы алатын қариялардың ақшасы 21 процентке өсті. Алдағы бес жылдың ішінде зейнетақы мөлшері орта есеппен 50 процентке дейін артады. Оған қоса, базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің инфляция деңгейіне өзгеруіне байланысты көтеріліп тұрады.
Екінші міндет - 2023 жылдан бастап зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшерін 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту. Ал ынтымақты зейнетақыны тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтардағы еңбек өтілі және зейнеткерлікке шыққанға дейінгі кезеңдегі орташа айлықтың көлемі ескеріледі. Осы көрсеткіштер неғұрлым жоғары болса, зейнетақы соғұрлым жоғары болады.
"Егер өткен жылы жасына байланысты зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 46 АЕК немесе 146 мың теңгені құраса, енді оны 55 АЕК-ке дейін арттырған кезде ол биыл шамамен 190 мыңды құрайды, бұл зейнетақы мөлшеріне тікелей әсер етті. Бұл өзгеріс зейнеткерлер мен енді зейнетке шыққан азаматтарға да әсер етті", - дейді министрлік мамандары.
Бұдан бөлек, ынтымақты зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен 2%-ға артып отырады. Бұл шалардың барлығы Әлеуметтік кодексте көрсетілген.