АСТАНА, 23 тамыз – Sputnik. Қазақстан биылдан бастап сұйытылған мұнай газын өндіру көлемін ұлғайтады, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Премьер-министр Әлихан Смайылов ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін сұйытылған мұнай газын өндіруді ұлғайту шаралары туралы кеңес өткізді.
Елімізде газ тұтыну жыл сайын артып келеді, атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш 1,8 млн тоннаны құраған. Бұл көлемнің 65%-ға жуығы автокөліктерге, 25%-ы өнеркәсіп кәсіпорындарына, 10%-ы халықтың қажеттіліктеріне және басқа да салаларға жұмсалды.
"2023 жылғы болжамды газ тұтыну көлемі 1,9 млн тоннаны құрайды. Артып келе жатқан қажеттіліктерді өтеу үшін келешегі бар бірқатар жаңа кен орны игеріле бастады. Олардан алғашқы өндірілген газды осы жылдың соңына дейін алу жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.
Премьер жанар-жағармай нарығындағы жағдайды ұдайы бақылаудың және азаматтарды, өнеркәсіп кәсіпорындары мен әлеуметтік мекемелерді үздіксіз қамтамасыз ету үшін жоспарланған жобаларды уақтылы іске асырудың маңызды екенін атап өтті.