АСТАНА, 23 тамыз — Sputnik. Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) Бас Ассамблеясының отырысында Қазақстан кинологтары одағы осы ұйымның толыққұқылы мүшесі деп танылды.
Президенттің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасында осындай қуанышты жаңалықты жеткізді.
"Бүгін Женевадағы жиында дауыс беру рәсімі өтіп, 77 мүше мемлекеттің 72- сі қазақстандық ұйымның кандидатурасына қолдау білдірді. Осы іске атсалысқан мемлекеттік қызметкерлерге, дипломаттарға, қолдап дауыс берген елдерге және FCI басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан кинологтары одағы үшін бұл өте маңызды жетістік екені сөзсіз. Соның арқасында қазақы ит тұқымдарын халықаралық деңгейде танытуға жол ашылып отыр", – деп жазды ол.
Сондай-ақ президенттің Іс басқарушысы қазақы тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру, оларды төлтума қазақы ит тұқымдары ретінде таныту мәселесіне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назар аударғанын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ұлттық құндылығымыз саналатын ит тұқымдарын қорғауға бағытталған арнайы заң қабылданды.
"Женевадан жеткен жаңалықтың арқасында қазақы тазы мен төбетті халықаралық деңгейде танытуға бағытталған үлкен қадам жасалып отыр, - деді Дәдебаев.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Халықаралық кинологиялық федерациямен, соның ішінде стандарттау жөніндегі комиссиямен тығыз байланыста жұмыс атқарылуы керек. Экология және табиғи ресурстар министрлігі өз кезегінде Ұлттық тазы мен төбет орталығын ашуды, ғылыми зерттеулер жүргізуді жолға қояды деп жоспарланып отыр.
FCI Бас ассамблеясы аясында қазақтың екі бірдей тазысы "World Dog Show- 2023" атты чемпионатқа қатысып жатқанын айта кетейік. Қазақы ит тұқымдары мұндай ауқымды көрмеге тұңғыш рет барды.