АСТАНА, 23 тамыз – Sputnik. "Altyn Orda New Company" ЖШС-ға 530,4 млн теңге кірісті көрсете отырып, қосымша салық есептілігін тапсыруға тура келді, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті.
Алматы облысының департаменті "Алтын орда" базарын тексерді. Тексеріс нәтижесінде базар әкімшілігі 169,6 млн теңге салық төледі, оның ішінде қосымша есептелген қосылған құн салығы – 63,6 млн теңге, корпоративті табыс салығы – 106,0 млн теңге. Өсімпұл бөлек есептеледі.
Тексеру барысында ЖШС-де бақылау-касса машиналарын қолданбай ақшалай есеп айырысуды жүзеге асырудың қосымша нүктелері анықталды (базарға кіру (қақпа) және бухгалтерия). Тексеру нәтижелері бойынша қосымша 4 бақылау-касса машинасы тіркелді.
Сондай-ақ салықшылар 742 салық төлеушіні жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бақылау-касса машиналарын қоюға көндірді.
Бұдан бөлек базарда кәсіпкерлік қызметті салық органдарында тіркеусіз жүзеге асырған 12 адам анықталды. Олардың материалдары сотқа жолданды.
Үш саудагер әкімшілікке жауапқа тартылды. Біреуі салық органдарында тіркелмегені үшін, қалған екеуі тауар бағасын төмендетіп көрсеткені үшін жазаланды.