АСТАНА, 22 тамыз – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев кейбір өңірлерде құрғақшылықтан егістік алқаптары қурауына байланысты нан бағасы өсе ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазір бидай мен дәнді дақылды өнімдер бағасының өсуі потенциалы байқалмайды.
"Сол себепті біздің жоспарымыз бойынша ұн, нан бағасы тұрақты болады. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қорында бидай жеткілікті. Ішкі нарықтың, тұтынушылардың сұранысын толықтай өзіміз қамтамасыз етеміз", - деп сендірді Қарашөкеев үкімет кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі 181 мың гектар немесе астық дақылдарының 1%-і жойылғанын мәлімдеді.
Қырғызстан жағынан судың аз келіп түсуіне байланысты Жамбыл облысында шамамен 7,8 мың гектар жер зардап шекті. Соның ішінде қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдың алаңы 1,2 мың гектарды құрайды.
Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша дәнді дақылдар егісінің 45,1%-і (7,8 млн га) жақсы, 46%-ы қанағаттанарлық (8 млн га) және 7,5%-і нашар күйде (1,3 млн га).