АЛМАТЫ, 22 тамыз – Sputnik. Биылғы жылдың бірінші жартысында сақтандырылған алматылықтар МӘМС жүйесі арқылы жалпы құны 79,2 млрд теңге болатын медициналық көмек түрлерін пайдаланған. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты.
Оның мәліметінше, шығынның басым бөлігі, яғни 44,1 млрд теңге стационарлық медициналық көмекке, ал 3,2 млрд теңге күндізгі стационарлар көрсеткен қызметтерге төленді.
"Медициналық көмекке жүгінген азаматтар тарапынан емдеу мен диагностиканың қымбат түрлері, салалық мамандардың консультациялары, сондай-ақ зертхана талдауларына деген сұраныс жоғары болған. Жарты жылда аталған қызметтерге 14,6 млрд теңге жұмсалды", - деді Әбілдаев.
Атап айтқанда, компьютерлік томография мен магнитті-резонанстық томографияға (КТ/МРТ) деген сұраныс бұрынғыша жоғары. Алты айда Алматы қаласында жалпы сомасы 890,5 млн теңгені құрайтын 46 мыңнан астам КТ жасалған. Тағы 33 мыңнан астам МРТ қызметіне қор 542 миллион теңге бөлді. Сонымен қатар онкологиялық науқастарды нысаналы түрде тексеруге арналған 6,4 мың позитронды-эмиссиондық томография жасалған, оған 2,2 млрд теңгеден астам қаржы төленген.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен күн сайын құны бірнеше миллионға жетіп жығылатын жоғары технологиялы операциялар жасалып жатыр. Биылғы жылдың 6 айында Алматы қаласында осындай оталарға 11,7 млрд теңге жұмсалыпты. Жарты жылда алматылық стационарлар мидағы қан-тамырлары мен қан-тамыр жүйелеріне 2 226 ота жасаған", - деді Тілеухан Әбілдаев.
Операциялардың жалпы құны 2,7 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар сақтандырудың арқасында трансплантологиялық операциялар да кедергісіз жасалып жатыр. Жарты жылда 34 бүйрек алмастырылды, оның жалпы құны 170 млн теңгені құрады.