АСТАНА, 21 тамыз – Sputnik. Ішкі істер министрлігі бала буллингке ұшыраған жағдайда шағым түсіру тәртібін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Былтыр ұлттық заңнамаға буллинг пен кибербуллингтің анықтамасы енгізілген болатын. Ал оқу-ағарту министрлігі кәмелет жасқа толмаған балалар арасында буллингтің алдын алу ережелерін бекітті.
Осы құжатта мемлекеттік органдар тарапынан буллингке ұшыраған баланы құқықтық, әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық қорғау шаралары көрсетілген. Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лейла Әліпбаеваның айтуынша, ішкі істер органдары да тексеріс жүргізіп, әкімшілік немесе қылмыстық жазаның бар-жоғын анықтайды.
"Мектепте буллинг анықталса, білім беру органдары жағдайды реттеу шараларын қолға алуға тиіс. Ал полиция тексеріс өткізіп, әкімшілігі немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың бар-жоғын анықтайды. Соның нәтижесінде тиісті шаралар қабылданады", - деді Әліпбаева бүгінгі онлайн брифингте.
Заң бойынша 16 жасқа толған адамдар әкімшілік пен қылмыстық жазаға тартылады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік 14 жаста басталады.
Бұдан бөлек, "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңда кибербуллингке қарсы арнайы бап бар. Оған сәйкес, интернет-ресурста балаға қатысты буллинг жасалса, ата-анасы ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне электронды арыз түсіре алады. Соның негізінде интернет-ресурсқа қатысты шара қолданылады.