"Луна-25" автоматты станциясы Айға соғылды

Миссияның негізгі мақсаты Жердің табиғи серігінде мұздың бар-жоғын зерттеу болды
Sputnik
АЛМАТЫ, 20 тамыз – Sputnik. Ресейдің "Луна-25" aвтоматты станциясымен байланыс үзілді, деп хабарлады Роскосмос.
"Алдын ала талдау нәтижесі бойынша нақты импульс параметрлерінің есептелгеннен ауытқуына байланысты "Луна-25" ғарыш кемесі жоспардан тыс орбитаға ауысып, Ай бетімен соқтығысуы салдарынан жұмысын тоқтатты", - деп жазылған хабарламада.
Ұшу бағдарламасына сәйкес, 19 тамызда станцияға қону алдында эллиптикалық орбитаға өту үшін импульс берілген. Мәскеу уақытымен сағат 14:57 шамасында автоматты станциямен байланыс үзілді. "Луна-25" іздеу және онымен байланысқа түсу жөніндегі іс-шаралар нәтиже бермеді.
Станцияның жоғалу себебін анықтау мәселелерімен арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия айналысады.