Шахтерлердің зейнет жасын төмендетуга арналған заңнамалық өзгерістер енгізіледі - үкімет

Sputnik
АЛМАТЫ, 19 тамыз - Sputnik. Қазақстанда шахтерлердің зейнет жасын төмендетуге арналған заң жобасы қарастырылып жатыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов "Қазақстан" шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесу кезінде айтты.
Кездесу барысында кеншілер үшін зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі көтерілді. Әлихан Смайылов қазіргі уақытта шахтерлерге ертерек – 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.
Үкімет басшысы қаза тапқан кеншілер отбасыларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Үкімет басшысы президенттің тапсырмасымен шахтадағы апаттың себептерін егжей-тегжейлі зерттейтін арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.
"Жауапты мамандардың барлығы міндетті түрде жазаланады. Өткен жылы да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, қайғылы оқиға қайталанып отыр, қажетті көлемде қаражат бөлінбеуде. Сондықтан қазір бұл компанияның иесі бойынша қандай шара қабылданады деген сұрақ қойылды. Өткен қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталу үстінде. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады. Мұның соңына жететініміз анық", — деді премьер-министр.
Кездесу барысында қаза тапқандардың барлығының отбасына мемлекет пен жұмыс беруші қажетті қолдау көрсететіні айтылды.
Атап айтқанда:
Республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған.
Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасына жұмыс беруші кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде моральдық зиян үшін біржолғы өтемақы төлеп, сондай-ақ жерлеу және еске алу шараларын өткізу шығындарын өтейтін болады.
Тұрғын үй болмаған жағдайда Қарағанды облысында пәтер беріледі, сондай-ақ балаларды жоғары оқу орнында тегін оқумен қамтамасыз етіледі. ️
Сонымен қатар компания отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру және ипотекалық несиелерді өтеу бойынша шаралар қабылдайды.
Бұл міндеттемелердің барлығын "АрселорМиттал Теміртау" АҚ орындайтын болады.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта "АрселорМиттал Теміртауда" халықаралық компанияларды тарта отырып, экологиялық аудит және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудиті аяқталып жатыр. Олар қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде, нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданады.
Сонымен қатар үкімет басшысы ауруханада жатқан кеншілердің жағдайын біліп қайтты.
Кәсіпорын шахтерлерге еңбекке жарамсыздық кезеңінде орташа еңбекақының 100% мөлшерінде төлем жүргізетіні, дәрілік заттарды төлейтіні, санаторий-курорттық ем берілетіні және моральдық зиян өтелетіні атап өтілді.
"Тезірек сауығып, отбасыларыңызға оралыңыздар", — деді Әлихан Смайылов.
Шахтадағы өрт: министр құтқарушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды