Қоғам

Тоқаев Алматы халқын ауыз сумен қамтамасыз ету жайлы: жағдай мәз емес

Sputnik
АСТАНА, 18 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары барысында қаладағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін қозғады, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы еліміздегі ең басты сын-қатердің бірі – сапалы ауызсумен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Тәжірибе көрсеткендей, Алматыда да бұл тұрғыда жағдай мәз емес.
Тоқаевтың айтуынша, шаһарда судың үздіксіз берілуіне кедергі келтіретін апатты жағдайлар тым жиілеп кетуі сумен қамтамасыз ету саласындағы проблемаларды кезек күттірмей шешу қажет екенін көрсетеді.
Президент соңғы кезде сел жүріп, өзен суларының лайлануы жиілеп кеткені алаңдаушылық туғызатынын айтты. Соның салдарынан шілде айының соңында коммуналдық қызметтер қаланың жоғарғы бөлігіндегі аудан тұрғындарына су беруді шектеуге мәжбүр болды. Медеу ауданындағы 50 көппәтерлі үй мен 4 мыңнан астам жеке тұрғын үй сусыз қалды. Бұл тұрғындардың орынды наразылығын туғызды.
Тоқаев еліміздің ең үлкен шаһарындағы су шаруашылығын ретке келтіру үшін атқарылуға тиіс негізгі міндеттерді айқындап берді.
Атап айтқанда, үкімет пен қала әкімдігіне мердігерлердің кінәсінен кешіктірілген Қарғалы су жинақтау нысанын биыл қазан айының соңына дейін пайдалануға беру, қаланың су шаруашылығына толық тексеріс жасау және Алматының жоғарғы бөлігін сумен толық қамту үшін жерасты су көздеріне гидрогеологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ "Балқаш" станциясындағы резервуар мен төрт скважинаның құрылысын аяқтау міндеттері жүктелді.
Айта кетері, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласында жүр. Мемлекет басшысы қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынға үкімет мүшелері де қатысты.
Қоғам
Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтайды деген болжам бар – президент