АСТАНА, 18 тамыз – Sputnik. Қарағанды облысында апат болған "Қазақстан" шахтасы соңғы рет былтыр күзде тексерілген. Бұл туралы ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Кеңгірбай Есенеев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, "Қазақстан" шахтасы былтыр қараша-желтоқсан айларында Кәсіпкерлік кодекс аясында тексерілген.
"Тексеріс барысында 168 заңбұзушылық анықталды. Заңды тұлға айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылды. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел заңбұзушылықтар бойынша талап-арыз материалдары үш нысанның жұмысын уақытша тоқтатуға экономикалық сотқа жолданды", - деді Есенеев шахтадағы төтенше жағдайға арналған брифингте.
Айтуынша, қазіргі таңда сот талабымен бұл заңбұзушылықтар қайта тексерілген. Олар жартылай ғана жойылған. Бірақ сот аталған нысанды заңбұзушылықтарды толық жойғанға дейін тоқтата тұру туралы шешім шығарды.
"Апат болған жерде тексеріс жүргізілді, талаптардың бұзылуы бойынша мәселелер болды. Аталған учаскеде заңбұзушылықтар болған, бірақ адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей емес. Ал сотқа берілген материалдарда адамдарды көтеретін құрылғы мен техкешенді тоқтату туралы айтылды", - деді ол.
Еске салсақ, 17 тамыз сағат 10.05-те "Қазақстан" шахтасында конвейер лентасы өртенді. ТЖ кезінде жер астында 227 болған, 222 кенші құтқарылды. Екі адамның денесі табылды, тағы үшеуі іздестіріліп жатыр.
Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-тармағы "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс тіркелді.