Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екі шекара бекеті жаңа мәртебеге ие болады

Сонымен бірге олардың жұмыс режімін де өзгерту жоспарланып отыр
Sputnik
АСТАНА, 18 тамыз – Sputnik. "Целинный" және "Сырдария" шекара өткізу пункттері халықаралық мәртебеге ие болады, деп хабарлайды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Сонымен бірге олардың жұмыс режімін де өзгерту жоспарланып отыр.
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Заңына сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында 2006 жылдың 4-ші қыркүйектегі қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімнің хаттамасына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы хаттаманың жобасы әзірленді", - делінген хабарламада.
Бұл құжаттың жобасында "Целинный" және "Сырдария" өткізу пункттерінің жұмыс режімін күндізгі тәулік уақытынан тұтастай тәулік бойы режімге ауыстырып, өткізу пункттерінің мәртебесін халықаралыққа өзгерту қарастырылып отыр.
Аталған өзгеріс екі мемлекеттік шекаралық өңірлерінің ынтымақтастығын одан әрі нығайтып, тауар айналымын ұлғайтуға және Орталық Азиядағы туризм саласының дамуына ықпал етуге тиіс.
Хаттаманың жобасы 2023 жылдың 17-ші тамызында "е-gov" ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылған.
Қазақстан мен Ресей арасында 20 жаңа шекара бекеті салынып жатыр