Қоғам

Qazaq Air әуе компаниясы жекешелендіріледі

Sputnik
АСТАНА, 18 тамыз – Sputnik. Qazaq Air әуе компаниясын жекешелендіруге шығарды, деп хабарлайды әуе тасымалдаушының баспасөз қызметі.
"Самұрық-Қазына" қоры Qazaq Air АҚ-ның 49%-тен 100%-ке дейінгі акцияларын сату бойынша ашық конкурс өтетінін жариялады.
"Қазақстанның әуе тасымалдау нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыру, Qazaq Air әуе компаниясының ұшу географиясын кеңейту, флотты ұлғайту және инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында жеке инвестор тарту қарастырылып отыр. Жекешелендіруді әуе компаниясының жалғыз акционері – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры жүргізеді", - делінген хабарламада.
Конкурс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өтінім қабылдау 2023 жылғы 28 қыркүйекте аяқталады. Екінші кезең бойынша конкурс қорытындылары 2023 жылғы 15 желтоқсанда жасалады.
Акциялардың бастапқы/ең төменгі бағасы : 10 200 000 000 теңге.
Әуе компаниясын үкімет бекіткен жекешелендіру жоспарына сәйкес, осы жылдың соңына дейін жекешелендіру көзделіп отыр.
Айта кетері, Qazaq Air компаниясының негізі 2015 жылы қаланған. Тұрақты ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсететін, пайдаланушы сертификаты бар Қазақстанның үш ірі коммерциялық әуе компаниясының бірі.
Қоғам
Тек әйелдерден құралған: Qazaq Air тарихи рейс орындады