Қоғам

Шымкентте 5 проценттік жаңа ипотекалық бағдарлама басталды

Бағдарламаға құжат қабылдау 25 қыркүйекте аяқталады
Sputnik
АСТАНА, 17 тамыз – Sputnik. Шымкент қаласында жаңа ипотекалық бағдарлама бойынша құжат қабылдау басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Отбасы банкіне сілтеме жасап.

Ипотека қандай шартпен беріледі

"Qamqor" атты жаңа бағдарламаның операторы – Отбасы банк. 15 тамызда банк сайтындағы "Баспана маркет" бөлімінде құжат қабылдау басталды. Ал 25 қыркүйекте аяқталады.
Ипотеканың шарттары:
алғашқы жарна — 10 %.
кредит мөлшерлемесі — 5 % (жылдық тиімді сыйақының мөлшерлемесі — 5.2 %), ары қарай 3.8 % дейін төмендейді;
қарыздың шекті көлемі — 20 млн теңге;

Қандай үй ипотекаға алады

Жергілікті бюджеттен 3 млрд теңге көлемінде алғашқы транш бөлінеді. Оған 150 адамға жеңілдетілген ипотека беріледі деген жоспар бар.
Баспананы жаңа және қолданыстағы үйден ипотекаға рәсімдеуге болады. Тіпті, салынып жатқан тұрғын үйден де пәтер алуға рұқсат бар. Бірақ ондай құрылыста Қазақстанның тұрғын үй компаниясының кепілдігі болуы шарт.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады

Жаңа ипотеканы нақты бір мамандық бойынша жұмыс істейтін азаматтар ала алады. Олар:
— дәрігерлер, медбикелер, санитарлар;
— педагогтар, тәрбиешілер, бала күтушілері;
— колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары;
— ғылыми-зерттеу институтттарының қызметкерлері;
— мәдениет пен спорт қызметкерлері;
— шығармашылық одақтардың мүшелері;
— журналистер;
— қаладағы мемлекеттік ұйымдар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері;
— энергетика саласының өкілдері;

Қатысушыларға қандай талап қойылады

Негізгі талаптар:
қатысушының 63 жастан аспауы;
соңғы бес жылда республика бойынша баспананың болмауы (отбасы мүшелеріне де қатысты);
Шымкент қаласында соңғы үш жыл бойы тұрақты тіркеудің болуы;
еңбек өтілі кем дегенде 12 ай;
бағдарламаға ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады;

Өтініштер қалай қаралады

Отбасы банктің "Баспана маркет" порталында өтініш қабылданады. Сол жерде қатысушылардың ұпай саны да есептеледі. Барлық ақпарат автоматты түрде өңделеді. Оған ешкім араласа алмайды. Қатысушылардың тізімі де, ұпай саны да жылдам саналады.
Бағдарламаға қатысу үшін Отбасы банкінде есепшот ашу керек. Ұпай есептеу кезінде баланың саны, некеде тұрған жылдар, еңбек өтілі, тұрақты тіркеудің мерзімі, тіпті, Отбасы банктегі депозиттің бар-жоғы да ескеріледі.
Іріктеудің соңында тізімі қала әкімдігі тағы бір қарап шығады. Осыдан кейін Отбасы банктен ипотека алуға болады. Соның алдында қатысушының төлем қабілеттілігі тексеріледі.
Отбасы банкі депозитті сату қызметін тоқтатады