АЛМАТЫ, 16 тамыз – Sputnik. Алматы облысындағы Райымбек пен Кеген аудандарының республикалық маңызы бар жолдары жасалмай жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алматыдан Кеген мен Райымбек ауданына жолыңыз түссе, көлігіңіздің ақауын тексеріп алғаныңыз дұрыс. Өйткені бұл аудандардағы республикалық күре жолдың сапасы сын көтермейді.
"Күніне мыңдаған көлік өтеді. Жылдар бойы жөндеу көрмей, тозығы жеткен. Бұл жақта ауылдың қарапайым тұрғындары тұрады. Мінетін тұлпарымыз жаңа көліктер емес. Жаңа көлік болса да мына жолда ұзаққа жетпей сынып қалады", - дейді аудан тұрғыны Жоламан Сейітов.
Алматы облысында республикалық жолдардың сапасы сын көтермейді
© Айдана Дайырова
Бұл бір жылдың ғана қордаланған мәселесі емес. Әзірше екі ауданда да билік тозығы жеткен жолды жамап өмір сүріп отыр. Оның өзі бір маусымға ғана жарайды.
Бір ғана Райымбек ауданының аумағында республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 66 шақырым. Бұл республикалық жол "ҚазАвтоЖол"-ға қарайды.
"Бүгінгі таңда жол сапасы сын көтермейді. Халық үнемі шулайды. Ұлттық комания тарапынан жол сапасын жақсарту мақсатында 2022 жылы үш бөлікке бөлініп жобалық сметалық құжаттары жасалынған", - дейді Райымбек ауданының әкімдігі.
Жол жөндеуге қанша ақша бөлінген
Кеген-Нарынқол тасжолының 89-74 шақырымын, Нарынқол мен Текестің арасындағы жолды жөндеуге 1 195 755 344 теңге бөлінген. Кеген-Нарынқол жолының 54-74 шақырымын Текес пен Қайнар ауылдары арасын байланыстыратын жолды жөндеуге 1 488 623 993,33 теңге, ал Кеген-Нарынқол тасжолының 25-54 шақырымын, атап айтқанда Қайнар мен Тасашы арасын жалғайтын жолды жөндеуге -2 158 504 790,33 теңге бөлінген.
Өткен жылы аудан тұрғындары осы жолдардың сапасын айтып ереуілге де шыққан. Билік халықты әрең басып, "жол жасалады" деп құрғақ уәде беріп шығарып салған болатын.
"Мемлекеттік сатып алу порталында ауыспалы нысан ретінде конкурс жарияланып, 8 тамызда жеңімпаз мердігер болып "АБЗ Каръер ДРСУ" ЖШС анықталды. Қазіргі уақытта келісім шарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс 2023-2024 жылдар аралығында жүргізіледі деп жоспарланып отыр", - дейді Райымбек ауданының әкімдігі.
"ҚазАвтоЖол"-дың уәжі
Осы мәселеге қатысты Sputnik Қазақстан тілшісі "ҚазАвтоЖол"-ға хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтады.
"Бүгінгі таңда Кеген ауданы бойынша "Көкпек – Кеген – Түп" автожолының, яғни Ақсай елді мекенінен Кеген кентіне қарай 41-53 шақырым және Қарқара ауылынан дейін 88-99 шақырымында күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 2 учаскеде асфальт-бетон жабындары төселген және автокөлік құралдарының өтуіне кедергі жоқ", - дейді компания.
"ҚазАвтоЖол"-дың айтуынша, қаржыландыру толығымен қарастырылған. Жөндеу жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталады.
Өткен жылы "Көкпек – Кеген – Тюп" автожолының 15 шақырымына орташа жөндеу жұмысы жүргізілген.
"Алайда топырақ ылғалды болғандықтан және ауыр жүк көліктерінің толассыз жүруі салдарынан жолдар бұзылған. Қазіргі уақытта мердігер ұйым тарапынан кепілдік міндеттемелері шеңберінде анықталған ақаулар жойылады", - дейді ведомство.
Алматы облысында республикалық жолдардың сапасы сын көтермейді
© Айдана Дайырова
Ал өткен жылы орташа жөндеуден өткен жолдар опырылып жатыр. Қазавтожолдың айтуынша, жасалған жолды қайта жасайтын жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жоспарланып отыр.
"Биыл Райымбек ауданында ұзындығы 15 шақырым болатын "Кеген – Нарынқол" автожолына орташа жөндеу жүргізетін мердігерлік ұйым анықталды. Орташа жөндеу жобасы 2 жылға есептелген. 2024 жылы "Кеген-Нарынқол" автожолының ұзындығы 20 км болатын учаскеде жөндеу жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. "Кеген-Нарынқол" автожолының қалған учаскелері қаражатының бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен жөнделеді", - дейді "ҚазАвтоЖол".
Қаражаттың жоқтығынан ауыл халқы ереуілге жиі шығады
Ал аудандық әкімдік "Қазавтожол" айтқан кезең-кезеңімен бөлінетін қаражаттың жоқтығынан ауыл халқының жиі ереуілге шығатынын айтады.
Қорыта айтқанда Райымбек пен Кеген аудандарындағы аудандық жолдардың сапасы республикалық жолға қарағанда көңіл көншітеді. Бір ғана мысал Райымбек ауданындағы Қарасаз, Тұзкөл, Кеген ауданындағы Қарқаралы ауылына баратын жолдардың сапасы көңілден шығады. Ауыл халқы сол жолды жасаған мердігерге дән риза.