Денсаулық

Шаш түсудің себептері мен емдеу жолдары

Әдетте, күн сайын адамның басынан шамамен 100 шаш түседі. Егер бұл мөлшер жоғарыласа, онда ол ағзадағы патологиялық процестерді білдіруі мүмкін
Sputnik
Мұндай кезде адам тарақта, төсек-орында, сүлгіде, ваннада және тұрмыстық заттарда шаштың көп мөлшері қалғанын байқайды. Шаш түсудің себептері мен оны емдеу жолдары туралы толығырақ баяндаймыз.

Шаш қалай өседі және түседі

Дүние жүзіндегі адамдардың шамамен 0,1%-і кем дегенде бір рет шаштың түсуін бастан кешірді.
Шаш жабынының тығыздығы әр адамда және дененің әртүрлі бөліктерінде әр алуан болады. Ол адам жасына, жынысына, нәсіліне және тағы басқа факторға байланысты. Ақ құбалардың басындағы шаштың жалпы саны 140 мың, қоңыр шаштыларда – 109 мың, қара шаштыларда – 102 мың, қызғылт шаштыларда - 88 мың.
Барлық шаш бір уақытта өспейді. Бірақ өсудің 3 негізгі кезеңінен өтеді, атап айтқанда: анаген, катаген және телоген.
Анаген – шаштың белсенді өсу кезеңі. Оның ұзақтығы 2 жылдан 5 жылға дейін созылады. Бір тәулік ішінде шаш орташа есеппен 0,1-0,4 миллиметрге ұзарады. Әйелдердің шашы ерлерге қарағанда тезірек өседі. Катаген кезеңінде өсу баяулайды және ол 4-тен 6 аптаға дейін созылады. Телоген кезеңінде шаштың өсуі тоқтап, олардың өмірлік циклі аяқталады және олар түседі. Бұл кезең 2-3 айға созылады және осы уақыт ішінде анагеннің жаңа кезеңі басталуы үшін жағдай жасалады.

Шаштың түсу себептері

Мамандардың айтуынша, шаштың түсуі қалыпты және табиғи құбылыс. Сондықтан тарақтағы шашты көргенде бірден үрейленуге негіз жоқ. Бірақ басыңыздағы шаш көзге байқалатындай деңгейде азайып, таз бола бастасаңыз, онда дабыл қағуға себеп бар. Себебі туындаған алопецияны шұғыл түрде емдеу керек. Алайда емдеу жүргізу үшін алдымен шаштың түсу себебін анықтау керек. Ал мұндай себеп бір емес, бірнеше болуы мүмкін. Оларды атап айтсақ, шаштың түсу себептеріне жиі жағдайда мыналар жатады:
генетикалық бейімділік;
зиянды химиялық заттардың, радиацияның әсері – онкологияны емдеуде химиотерапиядан кейін жиі шаш түсуі болады;
аутоиммунды аурулардың дамуы;
асқазан-ішек жолдарының аурулары;
бас терісінің және мойны аймағында қан айналымының бұзылуы;
инфекциялардың дамуы, паразиттердің таралуы;
операциялар мен жарақаттар;
дұрыс тамақтанбау немесе әлсірететін диеталар;
ағзада витаминдердің тапшылығы;
ауыр күйзеліс, депрессия;
ұзақ уақыт бойы дәрі қабылдау.

Тағы қандай себептер болуы мүмкін

Жоғарыда аталған шаш түсудің себептері ер адамдарға да, әйелдерге де қатысты. Дегенмен, әйелдерде шаш түсуінің себептері көбінесе әйелдің гормоналды күйіндегі өзгерістер болуы мүмкін. Әйелдерде шаш түсуінің жоғарылауы көбінесе босанғаннан кейін бірнеше аптадан соң басталады және бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Бұл көбінесе күйзеліс деңгейінің жоғарылауына, шаршауға, ұйқының болмауына, ағзадағы ақуыз деңгейінің төмендеуіне байланысты болады.
Жүктілік кезінде шаш түсуі мүмкін және бұл көбінесе болашақ ана дұрыс тамақтанбаса болады. Нутриенттердің жетіспеушілігіне байланысты шаш түсу пайда болады. Өйткені қоректік және пайдалы заттардың көп бөлігі құрсақтағы нәрестенің денсаулығын сақтауға жұмсалады.
40 жастан асқан әйелдің ағзасы менопаузаға дайындалуына байланысты қайтадан гормоналды өзгерістерге ұшырайды. Осы кезеңде әйелдің эмоционалдық жағдайы тұрақсыз және метаболизмнің төмендеуі шаш фолликулаларының күйіне де әсер етеді, шашқа қоректік заттар дұрыс жетпейді де, олар әлсірейді.
Шаш күтіміндегі қателіктерге келетін болсақ, шаш кептіретін, бұйралайтын немесе түзететін құралдарды тұрақты пайдалану, химиялық заттармен бояу және тағы басқасы бар мәселені ушықтырады және өздігінен шаш түсуге шынайы себеп болуы екіталай.

Шаш түсудің түрлері

Андрогендік немесе андрогенетикалық алопеция - ерлердің 80%-інде және әйелдердің 50%-інде кездесетін шаш түсуінің ең көп таралған түрі.
Диффузды алопеция әйелдерде жиі кездеседі.
Психосоматикалық немесе жүйке алопециясы.
Қазіргі уақытта аутоиммундық процесс ретінде қарастырылатын ошақты алопеция.
Тыртықты немесе инфекциялық алопеция.
Жастың ұлғаюымен тікелей байланысты алопеция.
Маусымдық алопеция.

Шаш түскенде қандай тексеру жүргізіледі

Шаштың түсуінің алғашқы белгілері болса, трихолог дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Компьютерлік диагностиканың көмегімен (трихограмма) маман шаштың саны мен диаметрін, терінің және май бездерінің күйін анықтайды. Алопецияның себебін анықтау үшін басқа мамандардың да тексеруінен өту ұсынылуы мүмкін. Мысалы, гинеколог, эндокринолог, невропатолог, терапевт.
Гинеколог әйелге гормоналды бұзылуларды түзетуге көмектеседі. Егер шаштың түсуінің себебі асқазан-ішек жолдарының ауруларының болуымен байланысты болса, онда науқас гастроэнтерологтың тексеруіне жолданады.
Шаш түскенде мынандай тексерулер ұсынылады:
кеңейтілген қан талдауы;
биохимиялық қан талдауы;
кеңейтілген зәр талдауы;
паразитке тест;
әйелдердің жыныстық гормондарына арналған талдаулар;
токсиндердің бар-жоғына шашқа кеңейтілген талдау;
минералды күйді бағалауға арналған шақа тест.
Нәтижесінде дәрігер аурудың дәрежесін анықтап, тиісті емдеуді тағайындай алады.