Қырғызстаннан келетін су азайды – министрлік шығынның көлемін жариялады

Sputnik
АСТАНА, 16 тамыз – Sputnik. Экология министрлігі Қырғызстаннан Жамбыл облысына келетін судың азаюы салдарынан шаруаларға келетінін шығынның көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін Қырғыз Республикасы Су ресурстары қызметінің басшысы Алмазбек Сокеев қоймада судың тым аз жиналғанын айтқан. "Қазсушар" РМК-сының Жамбыл облыстық филиалы да бұл ақпаратты растап отыр. Биыл ауа райы да құрғақ және өте ыстық болды. Соның салдарынан вегетациялық кезеңде Киров су қоймасынан Қазақстанға келетін судың көлемі жеткіліксіз болды. Бірақ Қырғызстан қоймаға су аз келсе де, Қазақстанға көбірек су жіберген.
"1 тамызға дейін Қазақстанға қоймадан секундына 45 м3 су жіберу туралы шешім қабылданды. Алайда Талас бөгетіне тек 30 м3/сек келіп тұрған. Осы шаралар Байзақ, Жамбыл және Талас аудандарында шамамен 26 мың га алқапта егінді сақтауға мүмкіндік берді", - дейді министрлік мамандары.
Қазіргі кезде "Қазсушар" РМК Жамбыл филиалы Қырғызстан аумағында тура мемлекеттік шекара бойымен дренажды тазартып жатыр. Соның есебінен суару шаралары атқарылып келеді.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, Талас өзені бойындағы алқаптарға су тапшылығынан келген залал шамамен 560 га құрайды. Соған қарамастан, егін алқабының 99 проценті сақталып қалды.
"Дәл осындай тәжірибе 2021 жылы да жүргізілді. Содан кейін қырғыз тарапы өз міндеттемелерін орындады. Ал Қазақстан айтарлықтай шығынға ұшыраған жоқ", - деп атап өтті мамандар.
Биыл су қоймасы толған кезде Қазақстанға су жіберу көлемі артады.