"Жағдай өте қиын": экология министрі су тапшылығына қатысты пікір білдірді

Қазгидрометтің болжамы дәл келе бермейді
Sputnik
АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Экология министрі Зульфия Сүлейменова Жамбыл облысындағы су тапшылығына себеп болған негізгі мәселелерді атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, көрші елдерден судың аз келуі бір бөлек, елімізде ауыл шаруашылығына өте көп су қажет. Соның салдарынан су тапшылығы туындап отыр.

"Шынымен де, жағдай өте қиын болып тұр. Бүгінде вегетация кезеңі аяқталды. Дегенмен, суды көп қажет ететін дәнді-дақылдар бар. Мәселен, қант қызылшасын қазан айына дейін суарып тұру керек. Оған өте көп су керек. Сондықтан қазір тіршілік нәрінің аздығынан ғана емес, ауыл шаруашылығы дақылдарын суару қажеттігінен де су тапшылығы туындап отыр", - деді Сүлейменова журналистерге берген сұхбатында

Оның сөзіне қарағанда, Қазгидрометтің болжамы дәл келе бермейді. Сондықтан бүгінде көрші елдің қызметтері ұсынған болжамдар қолдынылады. Мәселен, Талас бассейні бойынша Қырғызгидрометтің болжамы алынды. Сондықтан Қазгидрометке гидрологиялық бекеттердің желісін кеңейту керек. Ондай бекеттер неғұрлым көп болса, соғұрлым болжамдар дәл шығады.
"Мысалы, биыл Сырдария өзені бойынша қар көп түскенде су көп болады деген. Бірақ олай болған жоқ. Біз болсақ, нормадан төмен немесе соның айналасында болады дедік, солай болып шықты. Сөйтіп, барлық облыстарға, соның ішінде Қызылорда мен Түркістанға судың нормадан төмен болатынын хабарлағанбыз. Суды көп қажет ететін дәнді-дақылдарды азайтуға кеңес бердік. Бірақ Жетісай мен Мақтарал ауданында күрішті жоспардан он есе артық егіп тастады. Ал күрішке көп су керек", - деп атап көрсетті министр.