Қазақстанда әскерилер мен мемлекеттік қызметшілерге ойынханаға баруға тыйым салынады

Sputnik
АЛМАТЫ, 15 тамыз – Sputnik. Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлер мен әскери мамандарға ойынханаларға баруға тыйым салынады. Жарлыққа енгізілген өзгерістер "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.

"Қазақстан Республикасы президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" жарлық жобасы Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің ойын мекемелеріне баруына шектеулерді белгілеу туралы тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді", -деп жазылды.

Бұл түзетулер мемлекеттік билік органының абыройы мен беделіне оның өкілдерінің тарапынан нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге, беделдік тәуекелдерді төмендетуге бағытталған дейді.
"Билік өкілдерінің ойын мекемесіне баруы фактілері қоғам тарапынан негізді сын тудырып, беделдік тәуекелдерге алып келеді. Оларға жоғары талаптар қойылады, олар азаматтардың алдында мемлекеттік биліктің қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге тиіс", - делінген "Ашық НҚА" сайтында.
Құжат 28 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.