АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Қазіргі таңда "МАЭК" кәсіпорнының қызметкерлері энергоблоктардың тоқтау себептерін жою үшін екі ауысымда үзіліссіз қызмет атқаруда, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Дәл қазір жөндеу зауыты және "МАЭК" ЖЭС-тің мамандарының бірлесуімен энергия блоктарындағы апаттың себептерін жою бойынша тәулік бойы толласыз жұмыс жүргізілуде.
"Станция мен жөндеу зауытының қызметкерлері энергия блоктарын қалпына келтіруді жеделдету үшін қолдарынан келген барлық мүмкіндікті жасайды, жөндеу зауытының жұмысшылары екі ауысымда 08:00-ден 20:00-ге дейін және 20:00-ден 08:00-ге дейін жұмыс істейді, осылай үзіліссіз бірнеше бригада жұмыс атқаруда, - деді "МАЭК" ЖЭС бас инженері Сергей Раков.
Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстауда аптаның соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес электр қуатын пайдалану уақытша шектелген. Бұл апатты жағдайда тұрған №3 энергия блогындағы жөндеулерге және "МАЭК" энергетикалық кешеніндегі №1 ЖЭС энергия блогының жұмысын уақытша тоқтатуымен байланысты.