Ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығындары өтеледі

Sputnik
АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Басқа қалаларда тұратын ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығындары өтеледі.
Бұл туралы бүгін үкіметінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында студенттердің жекелеген әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін жатақханада тұру шығыстарын субсидиялау мүмкіндігін пысықтаудытапсырды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында президент тапсырмаларын орындау аясында үкімет тиісті қаулы қабылдады.
Атап айтқанда, "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларына" өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оған сәйкес азаматтардың жекелеген санаттары үшін еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу кезінде жатақханада тұру шығыстары үшін өтемақы төлеу көзделген.
Жатақханаларда тұру шығыстары үшін өтемақы сомасы жылына 29 айлық есептік көрсеткішті құрайтын болады.
Биыл барлығы 7 145 адам өтемақы алатын болады. Олардың ішінде 4 651 жетімдер және ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер. 2 494 мүгедектігі бар, бала кезінен мүгедек адамдар, мүгедектігі бар балалар бар. Өтемақы осы жылдың қыркүйегінен бастап берілетін болады.