АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Ақмола облысының Ақкөл ауданына қарасты 264 гектар орман учаскесі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан бас прокуратураға сілтеме жасап.
2018 жылы бұл жер сауықтыру, туристік және спорттық мақсаттар үшін ұзақ мерзімге пайдалануға берілген болатын. Бірақ тиісті мақсатта пайдаланылмады, жалдау ақысы да төленген жоқ.
"Сонымен қатар орман өрттері қаупінің жоғары дәрежесіне қарамастан, олардың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізілмеген, өртке қарсы жоспарлар әзірленбеген", - дейді прокурорлар.
Уәкілетті орган аудан прокуратурасының актісі негізінде сотқа жүгінді. Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен ұзақ мерзімді орман пайдалану шарты бұзылып, жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын учаске мемлекет меншігіне қайтарылды.