ЕАЭО елдерінен Қостанай облысына келетін азық-түлік импорты артып келеді

Ресейге жеткізілген экспорт көлемі 271 млн доллардан 368 млн долларға дейін ұлғайған
Sputnik
АСТАНА, 14 тамыз – Sputnik. 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында Қостанай облысының ЕАЭО елдерімен өзара сауда айналымы 912,5 млн долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 5,5%-ке аз, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Осы уақыт аралығында тауарлар экспорты 376,6 млн АҚШ доллары болды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 35,4%-ке көп. Ал импорт 535,9 млн долларды құрап отыр, 2022 жылдың қаңтар-маусым айларындағы көрсеткішпен салыстырғанда, 22,1%-ке азайған", - деп атап өтті Қостанай облысының статистика департаменті.
Жалпы алғанда Қостанай облысының ЕАЭО елдерімен тауар айналымының көлемі мынадай:
Ресей Федерациясымен – 93,7%,
Беларусь – 5,8%,
Қырғызстан – 0,5%,
Армения – 0,03%.
Ведомствоның мәліметінше, Ресейге жеткізілген экспорт көлемі 271 миллионнан 368 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, Беларусьпен сауда көлемі 851 мыңнан 4,7 млн АҚШ долларына дейін артқан.
Сонымен қатар, Қырғызстанға шығарылған экспорт көлемі 2022 жылдың бес айымен салыстырғанда 5,3 миллион доллардан 2,8 миллион долларға дейін екі есеге қысқарған, Арменияға биылғы экспорт болған жоқ.
Ал импортқа келетін болсақ, жалпы алғанда ол 658 миллион доллардан 535 миллион долларға дейін төмендеген. Ал Ресейден келетін импорт көлемі айтарлықтай төмендесе, Беларусь, Қырғызстан және Армениядан келетін импорт көрсеткішінде айтарлықтай өсім байқалады.
Экспортқа жөнелтілетін тауарлар бойынша ең үлкен көлем –машиналар, жабдықтар мен көлік құралдары, аспаптар мен аппараттарда (51,7%). Екінші орында – минералды өнімдер 32,1%, үшінші орында – химиялық өнім және олармен байланысты өнеркәсіп салалары өнімдері (32,1%).